Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Үкімет жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыруға арналған республикалық жоспар бекітті. Сонымен қатар, 2025-2027 жылдарға арналған кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялау Жол картасы қабылданды.
Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары жоспарланды. Қазіргі таңда Қазақстанда 772 колледж жұмыс істеп, 565 мың студент білім алуда. 2024 жылдың соңында техникалық және кәсіптік білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс 143 мың орынды құрайды, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өсті.
Ғани Бейсембаев атап өткендей, кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптарды білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап мүмкіндіктерін бағалауға және мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Мектептерде кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіліп, оқушылар кәсіби диагностикамен қамтылады. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдылармен және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібімен таныстыру тәжірибесі енгізіледі.
Колледждерге арналған жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа нормативі қабылданды. 2024 жылғы оқу жылына дейін студентті оқытуға бөлінетін қаржы орташа есеппен 437 мың теңге болса, келесі оқу жылынан бастап ол көрсеткіш 912 мың теңгені құрайды.
«Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру ұйымдарын заманауи құралдармен жабдықтау және педагогтардың біліктілігін арттыру басты басымдық болып табылады», – деді оқу-ағарту министрі. Дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды тарту жоспарлануда.